Теңіз кенішінде бірінші тоқсанда 7,4 млн тонна мұнай өндірілді

2018 жылдың алғашқы тоқсанында Атырау облысындағы Теңіз кен орнында 7,4 миллион тонна мұнай өндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Қаңтар-наурыз айларында «Теңізшевройл» ЖШС 7,4 миллион тонна немесе 59,3 миллион баррель шикі мұнай өндірді. 2018 жылдың алғашқы тоқсанында ТШО 340 мың тонна сұйылтылған газ, 2,34 миллиард текше метр құрғақ газ, сондай-ақ 630 мың тонна күкірт өткізді», - деп мәлімдеді «Теңізшевройлдың» баспасөз қызметі. Еске сала кетейік, Теңіз коллекторының жалпы барланған қоры 3,2 миллиард тоннаны (25,5 миллиард баррель) және Королев кен орнында 200 миллион тоннаны (1,6 миллиард баррель) құрайды. Теңіз және Королев кен орындарындағы өндірілетін қорлар 890 миллионнан 1,37 миллиард тонна (7,1 - 10,9 миллиард баррель) аралығында. Теңіз кен орны коллекторының ені 20 км (12 миля), ал ұзындығы 21 километрге (13 миля) жетеді. 2008 жылы ТШО шикі газ айдау және екінші ұрпақ зауыты жобасын аяқтады. Соның нәтижесінде мұнай өндірудің тәуліктік мөлшері шамамен 75 000 тоннаға (600 000 баррель), ал табиғи газ өндірудің тәуліктік мөлшері 22 миллион текше метрге (750 миллион текше фут) жетті.


А. Соколов,

Дерек көзі: http://www.inform.kz/kz/teniz-kenishinde-birinshi-toksanda-7-4-mln-tonna-munay-ondirildi_a3248808