Қазақстан 2017 жылы болжалды мұнай өндіруді 85,5 млн тоннаға дейін арттырды

АСТАНА. ҚАЗАҚПАРАТ – ҚР Энергетика министрлігі  2017 жылғы болжалды мұнай өндіруді 81 млн тоннадан 85,5 млн тоннаға немесе 5,55% арттырды деп хабарлайды «Қазақпарат» ХАА.

«2017 жылы 81 миллион тонна мұнай өндіру жоспарланған, іс жүзінде Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ ірі жобалары есебінен 85,5 миллион тонна көлемінде мұнай өндіру жоспарланып отыр», - деді ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында.

Оның сөзіне сәйкес, осы жылы министрлік қадағалайтын салалардағы негізгі көрсеткіштер тұрақты және оң динамика көрсетіп отыр. Атап айтқанда қаңтар-қазан айларында мұнай өндіру көлемі 71,1 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 11,4% артық.

«Өндірілген газ көлемі 43,5 миллиард текше метрге жеткен, бұл 2016 теңдес кезеңдегі көрсеткіштен 15,6% артық. 86,6 миллион тонна көмір өндірілген (өсім 11,6%), 83,1 миллиард кВт/сағат электр энергиясы шығарылған (яғни өткен 2016 жылғы теңдес кезеңмен салыстырғанда 9,8% артық)», - деп атап өтті министр.

Бұл жағдайда Қанат Бозымбаев жылдың соңына қарай Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Павлодар мұнай химия зауытының қайта қалпына келтіру және жаңарту жұмыстары аяқталатынын айтып кетті.

«Шымкент МӨЗ жаңарту келесі жылдың бірінші жарты жылдығында аяқталады. Осы жақсартулардың нәтижесі отандық мұнайды терең өңдеу және ашық мұнай өнімдерін шығару қуаттарын арттырып қана қоймай, олардың сапасын Еуро -4, Еуро -5 деңгейлеріне дейін арттыру болады», - деп атап көрсетті ол.

Энергетика министрлігінің 2018 жылға жоспарларында мемлекет басшысы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгілеген міндеттерді жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыру қарастырылған.  Бұдан басқа, жұмыстар ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету шараларын қабылдауға және стратегиялық тауарлар – көмір, газ, мазут, дизельдік отынға бағаның негізсіз артуына жол бермеуге бағытталатын болады. Мұнай өндіруді арттыруға бағытталған Теңіз, Қарашығанақ жобаларын кеңейту, газды кері айдау бойынша қуаттарды арттыру (Қашаған) жобалары шеңберінде ірі жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен ынтымақтастық әрі қарай жалғасын табады деп атап көрсетті ҚР Энергетика министрі.

Дерек көзі: http://www.inform.kz/ru/kazahstan-povysil-prognoz-dobychi-nefti-v-2017-godu-do-85-5-mln-tonn_a3090952